Қасиетті Рамазан айында облыс орталығында ислам өркениетінің музейі ашылды. Киров зауытының аумағында орналасқан 1857 жылы салынған ғимарат күрделі жөндеуден өткен болатын, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бірнеше жыл бойы зауыттың қоймасы ретінде пайдаланып келген ғимаратты қайта қалыпқа келтіру жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Биыл нысан мемлекет меншігіне қайтарылып, облыс бюджетінен бөлінген млн. теңгеге ескі мешіт жөнделді.
Ислам өркениетінің музейінің салтанатты ашылуына Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы мен облыс әкімі Айдарбек Сапаров қатысты.
– Бұл өңір мұсылмандары үшін айтулы оқиға. Қаламыздағы 19-шы ғасырда салынған көне мешіт қайта қалпына келді. Ғимараттың бастапқы келбетін сақтауға баса мән берілді. Бұл тарихымызға тағзым жасап, рухани құндылықтарды дәріптеудің жарқын белгісі. Рухани орда дәстүрлі ислам тарихы мен мәдениетін насихаттауға елеулі үлес қосатын болады, – деп атап өтті облыс әкімі Айдарбек Сапаров.
Бұл мешіт Соборлық мешіт ретінде тұрғызылған. Ғимарат зауыттың иелегіне берілгенімен Кеңестік кезеңде мұнарасы бұзылмаған жалғыз мешіт ретінде сақталыпты. Облыстық мұрағат директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша мешіт туралы деректер Омбы, Орынбор, Уфа архивтерінен қаралған. Қазіргі таңда музейге жәдігерлер жиналуда. Соның бірі 18 ғасырда басылған Құран кітап осында қойылыпты.
1921 жылы Петропавлда 9 мешіт болған. Соборлық мешіт құрылысы Петропавлда тұратын азиялық саудагерлердің есебінен жүргізілген. Сипаттамасына келсек, мешіт бірқабатты тастан тұрғызылған. Құлшылық үйінің ғимаратында шеңбермен қоршалған және сыртынан шеңбер бойымен тастармен өңделген 8 тікбұрышты терезе бар. Бұл терезелер әлі күнге дейін сақталған. Мұнара бүйір жағында орналасқан.