Сәуірдің 15-нен бастап облыста балық аулауға тыйым салынғанымен, заңды елемегендер табылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Уылдырық шашу» акциясы аясында өңірдің су қоймаларында рейдтік шаралар өтті. Нәтижесінде Шал ақын ауданы аумағында Есіл өзенінен балық аулау фактісі анықталды. Полицейлер «Audi-100» автокөлігін тізгіндеген жүргізушіні тоқтатып, «темір тұлпарынан» бір қап шортанды тапты. 59 жастағы жергілікті ауыл тұрғынына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 383-бабының 3-бөлігі бойынша «Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу» бойынша материал жинақталды.
– Ауыл тұрғынының тыйым салынған мерзімде балық аулағаны анықталды. Баптың санкциясы – жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салуды көздейді. Естеріңізге сала кетейік, қабылданып жатқан шаралар табиғи ресурстарды қалпына келтіруді қамтамасыз етуге бағытталған. Барлық әуесқой балықшылардан уылдырық шашу кезеңінде бұл әрекетті тоқтатуды, балық аулау ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз, – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Асхат Қожабаев.