Петропавл қаласы әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары мен әкімдік аппаратының жаңа басшылары тағайындалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қалия Төренова 1966 жылдың 23 наурызында Ресейдің Омбы облысының Исилькул ауданында дүниеге келген.
40 жылдық еңбек өтілі бар. 1983 жылдан бастап ол қазіргі М.Жұмабаев ауданында мұғалім, тіл бойынша бөлім меңгерушісі, әлеуметтік сала және ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, М.Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ, еліміздің ұлттық компанияларында ұзақ жылдар бойы нәтижелі еңбек етті. Ал 2017 жылдың мамырынан бүгінге дейін Петропавл қаласы әкімінің аппарат басшысы қызметін атқарды.
Петропавл қаласы әкімінің өкімімен Ольга Абдрахманова Петропавл қаласы әкімінің аппарат басшысы болып тағайындалды.
Ольга Абдрахманова 1968 жылдың 2 мамырында Петропавлда дүниеге келген.
Еңбек өтілі — 38 жыл. 1985 жылы С.М. Киров атындағы зауытта қызметке кіріскен. Соңғы лауазымы – Петропавл қаласы әкімі аппаратының ұйымдастырушылық-инспекторлық бөлімінің басшысы. Бұл қызметте 2013 жылдан бері еңбек етті. Сондай-ақ Еркін Елеусізов Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы қызметіне тағайындалды.