Петропавлдағы қызмет көрсету саласы студенттеріне арналған жатақхана биыл қолданысқа тапсырылады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қызмет көрсету колледжінің шәкірттеріне арналған жатақхананың құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған болатын. 244 орынға шақталған ғимарат 9 қабаттан тұрады. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, бүгіндері нысанның 60 пайызы дайын.
– Қазіргі таңда ғимараттың шатыры мен қосымша төтенше жағдай кезінде қолданылатын сатылар орнатылуда. Құрылыс жұмыстарына жауапты «Пилон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жатақхананы биыл қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Нысанның қасбетін әрлеу үшін фибропанель материалдары қолданылмақшы, – дейді СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының баспасөз хатшысы Майгүл Қажжан.
Колледждің жатақханасын тұрғызуға жергілікті бюджеттен 890 млн. теңге бөлінген..