СҚО полицейлері қайың мен көктеректі заңсыз кескен азаматтарды анықтады, Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Шал ақын ауданы полиция бөлімінің табиғатты қорғау тобының қызметкерлері рейд барысында орман ішінде «Audi-80» автокөлігінің тіркемесіне кесілген ағаштарды тиеп жатқан екі ер адамды байқап қалды. Олар 9 көктеректі және 6 қайыңды Жаңажол ауылына апаратын жолдағы бұрылыста орналасқан орман алқабында кесіп алғаны анықталды.
Тексеру кезінде 52 жастағы жергілікті тұрғынның ағаштарды рұқсат қағаздарынсыз кесіп алғаны белгілі болды. Ер адамның айтуынша, ол қайың мен көктеректі құрылыс материалдары ретінде қолдану үшін шапқан. Ағаштардың орман қорына кіретіндігін және кесу үшін рұқсат алу керек екендігін білмегені анықталды.
Ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 381-1-бабы (Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау) бойынша материал жиналды.
– Ағаштарды заңды түрде кесіп алуға да болады. Бұл үшін орман шаруашылығына жүгініп, орман қорына кіретін ағаштарды кесуге тиісті рұқсат қағаз алу керек. Бұдан бөлек, табиғатқа 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асатын шығын келтірілген жағдайда ағаштарды заңсыз кесу үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Облыс тұрғындарынан табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз, – дейді аудандық ПБ бастығы Руслан Мұхамбетжанов.