Петропавлда «Агро Қызылжар» ауыл шаруашылығы техникаларының республикалық көрмесі ұйымдастырылды. Оған елімізге танымал «СТО-Агро», «Казростселмаш», «Агромаш», «Батыр СК», «Байдала», «Севтепломаш», «Дон Мар» сияқты ірі компаниялар қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Көрменің ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жергілікті агроөнеркәсіп саласы мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып отырғанын, көрме өткізу мақсаты аграршылар үшін ортақ диалог алаңын құра отырып, қолжетімді, заманауи техникалармен жан-жақты таныстыру болып табылатынын атап өтті.
Көрмеге жүзден астам әртүрлі маркалы техникалар қойылған. Олардың арасынан егіс кешендерін, шетелдік комбайндарды, алымды жаткалар бар. Әсіресе, отандық өнімдерге барынша басымдық берілген. Бір сөзбен айтқанда, диқандар қауымы көктемгі, күзгі дала жұмыстарда кеңінен қолданылатын техникалардың жаға түрлерімен танысуға мүмкіндік алды. Екі тарапқа да тиімді шара барысында делдалсыз-тіке мәміле арқылы ұсыныстар жасалып, тәжірибе алмасып жатты. Әлемге әйгілі неміс комбайны – CLAAS-тың Петропавл қаласында құрастырылатыны белгілі. Шаруашылық жетекшілері өнімділігі жоғары, бағасы қолжетімді техника жайлы жан-жақты білмекке асықты. Шетелдерден сатып алынса, айтарлықтай қымбатқа түсері анық. Соған қарағанда, отандық тауарларға деген сұраныс жоғары екенін аңғардық. Мәселен, Ақжар ауданындағы «Бекет» шаруа қожалығының басшысы Марат Шәпенов көрмеге арнайы келіп, компаниялармен келісім-шарт жасамақ ниетте екен.
Облыс орталығында орналасқан «TT-ENCINEERING» кәсіпорны өз ісін жаңа бастаса да, біраз тәжірибе жинақтап қалғаны байқалады. Кәсіпорын директоры Талғат Кенжебаев өнімдері – тіркемелі, дискілі, екіқатарлы тырмалар, көтермелі соқалар топырақтың ылғалдығын жоғалтпай қопсытуға өте қолайлы екендігін айтты. «Казтехмаш» машина жасау зауыты астық жинайтын «Sampo Roseniew» комбайндарын жергілікті жерде құрастырыпты. Соның бірі – «Sampo-C-12» түрінің қуаттылығы 300 ат күшіне тең. Жаткасының ұзындығы тоғыз метрге дейін жетеді. Бункерінің сыйымдылығы 7, 6 тонна, бағасы 110 млн. теңге.