Осыдан бірнеше жыл бұрын Соколов ауылының маңындағы 2 гектар орман алқабы отқа оранған еді. Енді сол алқапқа қайың көшеттері егіліп, қайтадан қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі
Соколов орман шаруашылығы қазметкерлерінің биылғы жоспары – 400 гектарға ағаш отырғызу. Ал соңғы екі жылдың ішінде 11 миллионға жуық көшет егіліпті.
– Облысымызда 12 орман шаруашылығында 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Былтыр жергілікті бюджеттен шаруашылықтарға техника алуға 214 млн. теңге бөлінді. Отырғызылып жатқан көшеттер 120 жылға дейін жайқалып өсіп тұрады. Жалпы 2021 жылы 850 гектар ағаш егілсе, алдағы уақытта одан 8 есеге көп отырғызу жоспарланып отыр. Биыл 4100 гектар алқапқа 21 млн. түп ағаш егіледі, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Василий Лабанчук.
Жалпы өңірімізде 2025 жылға дейін 20 мың гектар жерге 100 миллион түп ағаш отырғызылмақ. Олардың дені – қайың.