Есіл ауданындағы Ж.Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінде «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» құзыреттілігі бойынша «AgroSkills-2023» атты өңірлік байқау өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Байқау ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі мамандығын насихаттау, студенттердің дайындық деңгейін бағалау мақсатында ұйымдастырылды. Биылғы өңірлік сынға 10 команда қатысты. Олардың қатарында Саумалкөл агротехникалық колледжі, Тайынша агробизнес колледжі, Аққайың ауданының аграрлық колледжі, Новоишим аграрлық-техникалық колледжі, Уәлиханов ауыл шаруашылығы колледжі, Мағжан Жұмабаев ауданының кәсіптік даярлық және сервис колледжі, Ленинград ауыл шаруашылығы колледжі, Петровка аграрлық-техникалық колледжі, Тимирязев агротехникалық колледжі, Ж. Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжі мен Ақмола облысының Чаглинка ауылы жоғары агротехникалық колледжі болды.
Сайыс 4 модульден тұрды. Алғашқысында студенттерге аккумуляторға техникалық қызмет көрсету операцияларын орындау міндеті жүктелсе, екіншісінде әр командаға «Құпия тапсырма» берілді. Ал үшінші модульде өздігінен жүретін машинаны (тракторды) боксқа кері бағытта қою және соңғысы «PLN-3-35» соқасын жырту тапсырмасын орындау міндеттелді.
«Ауыл шаруашылығын механикаландыру» құзыреттілігі бойынша конкурстың өңірлік кезеңінің қорытындысы бойынша бірінші орын иегері «AgroSkills-2023» кубогының жеңімпаздары «Ж. Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжі» КМҚК атанса, екінші сатыға «Айыртау ауданының агротехникалық колледжі» КММ жайғасты. Үздік үштікті Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның «Новоишим аграрлық-техникалық колледжі» КММ түйіндеді.