Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге Қосымша келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
— Бұл келісімге былтыр Рим Папасы Францисктің Қазақстанға сапары кезінде қол қойылды. Аталған шарт аясында католик шіркеуі қызметшілерінің санатын (архиепископ, епископ, апостол әкімшісі, діни қызметкер және басқаларының), тиісті субъектілерді (Архиепархия, Епархия, монастыр, семинария) және құзыретті органдарды (шіркеу қызметшілері, католик шіркеуінің басшылары) нақтылайды, — деді ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар министр олардың тұрақты тұру тәртібі жеңілдейтінін айтты.
— Атап айтқанда, банк шотында ақша болуын (1320 айлық есептік көрсеткіш – 4,5 млн теңге) және тұратын жерін растау туралы талаптар алынып тасталады. Олардың орнына Католик Шіркеуінің жазбаша растауы жеткілікті болады. Аталған ұсыныстар конфессияаралық келісімді нығайтуға, халықаралық деңгейде еліміздің құқықтық мемлекет ретінде абыройын арттыруға септігін тигізеді деп есептейміз, — деді министр.