Көлік салығын төлеу мерзімінің аяқталғанына бір айдан асты. Соның өзінде 15 мыңнан астам солтүстікқазақстандық тиісті төлем жасамаған. Қарыз көлемі 411 млн. Теңгені құрайды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің сот орындаушылары борышкерлерден қарызды мәжбүрлеп өндіріп алуды қарастырып отыр.
– 26-шы мамырдан бастап берешек сомасы 1 АЕК-тен асатын борышкерлердің тізімдері сот орындаушыларына мәжбүрлі түрде өндіріп алу үшін жіберіледі. Өз кезегінде сот қызметкерлері салық төлеушінің мүлкіне тыйым салады, банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтатады, – деді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Сұңғат Қоспаев.
Заңға сәйкес, сот орындаушылары банктегі есепшот пен мүлікті бұғаттауға құқылы. Тұрғынның қарызы 40 АЕК, яғни 138 мыңнан асса, елден шығуына тыйым салынады. Борышкер берешегін төлегеннен кейін сот орындаушыға атқарған қызметі үшін өндіріліп алынған соманың 25 пайызына дейінгі көлемде ақы төлейді.
Облыс бойынша көлігі бар 90 мыңнан астам салық төлеуші тіркелген. Бүгінгі күнге дейін оның тек 6 мыңы ғана 106 млн. теңгеге жуық көлік салығын төлеген. Қарыз өтелмесе күн сайын өсімпұл қосылып отырады. Қазір қарызы бар тұрғындардың 26 мамырға дейін уақыты бар. Әйтпесе, салық материалдары сот орындаушыларына жіберіледі.