Петропавлда бокстан әйелдер арасындағы VI жазғы спартакиада өтуде. Жарыс жолына еліміздің өңірлерінен 17 команда шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бокстан әйелдер спартакиадасы облыс орталығындағы «Жеңіс» балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резервтегі спорт мектебінде өтіп жатыр.
Республикалық сайыстың басталуымен барлық қатысушыларды өңір басшысы атынан әкімдік аппаратының жетекшісі Олжас Ыдырысов құттықтап, сәттілік тіледі.
Спартакиадада 17 командадан 100-ге тарта бұрымды боксшы бақ сынауда. Олар 12 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, әрқайсысында мықтыны анықтамақ. Финалдық кездесулер мамырдың 21-і күні өтеді деп жоспарланып отыр.