Облыс әкімі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Мамлют ауданында болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Айдарбек Сейпілұлы «Андреевка – Новомихайловка» жолының жөнделу барысымен танысып, егістік алқаптарында диқандармен кездесті.
Облыс әкіміне «Асхат-Агро» серіктестігінің жылқыға арналған сауын залы көрсетіліп, қымыз өндіру ісі жайлы ақпарат берілді.
– Облысымызда қымыз өндірісі нашар дамыған. Өнім солтүстікқазақстандықтар арасында сұранысқа ие. Болашағы зор кәсіптің бірі. Алайда мұндай шаруаны жүргізіп отырған кәсіпкерлердің саны аз. Алдағы уақытта тұрғындар тарапынан бұл іске қызығушылық оянады деген сенімдемін – деді СҚО әкімі.
Сондай-ақ облыс әкімі Андреевка ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың мәселелеріне құлақ түрді. Ауылдықтар өңір басшысына интернеттің сапасына қатысты бұйымтайларын жеткізіп, кадр тапшылығы мәселесін көтерді. Айдарбек Сапаров тиісті басқарма басшыларына бұл сұрақтарды шешуге тапсырма берді. Сонымен қатар, жергілікті серіктестік басшыларының есептері тыңдалды.