Айыртау ауданында жас туристер слеті өтті

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Айыртау ауданы Лобаново ауылындағы көпсалалы «Зейнеп» колледжі базасында жас туристердің «Солтүстіктің інжуі» слеті өтті. Сайыс түрінде өткізілген шараның мақсаты – жастар арасында бұқаралық туризмді дамыту мен насихаттау, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Екі күндік додаға облыс аумағындағы кәсіптік білім беретін колледждердің студенттері қатысты. Барлығы жеті команда жиналды.

– Ішкі туризмді дамыту үшін жастар арасында тиісті тәрбие жұмыстарын жүргізу маңызды. Сондықтан салалық туризм кеңесі осы туристік слетті ұйымдастыруға ұйытқы болды. Бастамамызға жергілікті атқарушы органдар қолдау көрсетті, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Владимир Литвиненко.

Шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына және нәтижелі жалғасын табуына бірнеше мекеме, кәсіби білім беретін оқу орындары мен қауымдастықтар атсалысты. «Jusan банк» қаржылай қолдау көрсетті.

Қатысушылар туристік саяхат дағдылары мен техникаларды қалай меңгергендігін сынға салды. Жас туристер шатыр көтеріп, дала жағдайында өмір сүруге дайындықтарын көрсетті. Берілген тапсырмаларды орындау барысында сайыскерлер компас арқылы орман ішімен өтіп, туристік тораптар тоқып, арқан өткелдерін жасап, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, от жағып, тағам дайындап, өздерінің дала өміріне оңай бейімділе алатындарын байқатты. Берілген тапсырмаларды спортқа жақындар оңай орындап, сүрінбей өтті. Сайыста тез жүгіру, тау-тас пен ағаштарға өрмелеу, өздерінің шыдамдылығы мен шымырлығын көрсету қажет болды. Тапсырмалар оңай болған жоқ. Оларды толықтай орындай алғандар да, орта жолда қалғандар да болды. Әр сынақтың әділ бағасын берген қазылар да саланың білікті мамандары болды.

Жас туристер сайыса жүріп, саяхатшылықтың қыр-сырын үйренді. Кешкі қарай қатысушылар капитандар сайысына жанкүйер болды. Одан әрі үлкен алаудың айналасында фотосуретке түсіп, сүйікті әндерін шырқап, би билеп, көңілдерін көтерді.

Екінші күні командалар «Кросс-жорық» қашықтығын бағындырып, жалпы сайыстың меже сызығына жетті. Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімінде төзімділік, шымырлық, тапқырлық танытқандар жеңіс тұғырына көтерілді. Бірінші орын – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжіне, екінші орын – Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжіне, үшінші орын Саумалкөл агротехникалық колледжіне бұйырды. Жеңімпаздар кубок, медаль, диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Аманжол Нұртазин, aman_nurtazin@mail.ru

Тілші:

Мадина Нуркина, +77057396494, Nurkinamad@mail.ru

SMM-менеджер:

Айжана Шайкенова,

+77782191267

nadyasaf070@gmail.com

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz