Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында сүт өңдейтін және ірімшік жасайтын цех ашылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Айыртаулық кәсіпкер Артем Тен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына жүгініп, 514 млн. теңгені несиеге алып, кәсібін өрге домалатты. Шағын цех жобасының жалпы құны – 630 млн. теңге.
— Бүгіндері цехта жұмсақ ірімшіктің 25 түрі әзірленеді. Күніне бір тоннаға жуық дайын өнім шығарамыз. Кәсіпорын тәулігіне 6 тоннаға дейін тауар өндіре алады, – дейді «ТЕЗИС» ЖШС директоры Артем Тен.
Серіктестік қажетті еуропалық құралдармен жабдықталған. Цехтың алып жатқан аумағы 800 шаршы метрді құрап отыр. Қазіргі уақытта кәсіпорында 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
– Өнімімізді облысымыздан бөлек, Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау және Шығыс Қазақстан өңіріне саудалап келеміз, – дейді Артем Тен.