Биыл облыста 4,5 млн. гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Оның 3,2 млн. гектары дәнді дақылдар, 960 мың гектары майлы дақылдар, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұдан бөлек, жемшөп – 353 мың гектарға, картоп – 34,1 мың гектарға, көкөністер 6,2 мың гектарға себіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев мәлім етті.
– Көктемгі егіс жұмыстары қарқын алды. Өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары толықтай тұқыммен қамтамасыз етілген. Барлығы 438,3 мың тонна тұқым жерге сіңірілді. Тұқым сұрыбын жаңарту да жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Үстіміздегі жылы 3 млн. гектар алқапқа 180 мың тонна минералды тыңайтқыш себу жоспарланған, – деді Мейрам Меңдібаев.
Көктемгі егіс жұмыстары үшін облыстың ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне 73,6 мың тонна дизель отыны, 10,8 мың тонна жанармай және 3,2 мың тонна жағармай қажет. Мемлекет арзандатылған дизель отынымен қажетті мөлшерде қамтамасыз етіп жатыр
Ауыл шаруашылығына субсидия түрінде 63,1 млрд. теңгенің мемлекеттік қолдауы көрсетілсе, оның 19,6 млрд. теңгесі өсімдік шаруашылығына, 9,6 млрд. теңгесі мал шаруашылығына бағытталған. Басқа бағыттарды дамытуға 33,9 млрд. теңге қаржылай көмек көрсетіледі.
Жыл басынан бері ауыл шаруашылығын қолдау институттары арқылы көктемгі егіске және күзгі жиын-терімге 37,8 млрд. теңгенің 623 өтінімі мақұлданып, қолдау көрсетілуде. «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалы арқылы бүгінде 7 млрд. теңгенің 153 өтінімі қаржыландырылды. Бүгінге дейін «Азық-түлік корпорациясы» АҚ форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 44 өтініміне 8 млрд. теңге сомасында қаржылай қолдау көрсетті. Былтыр жыл бойы мұндай қаржыландыру 33,1 млрд. теңгені құраған болатын.