Былтыр облыста өндірісте 41 адам зардап шегіп, 8-і қаза тапты. Бұл ақпаратты облыстық статистика департаментінің мамандары келтіріп отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО статистика департаментінің мәліметінше, жеке кәсіпорындарында 61 пайыз, мемлекеттік ұйымдарда 29 пайыз, қалғандары шетелдік заңды тұлғалардың меншігіндегі кәсіпорындарда жұмыс істегендер зардап шекті. Өндірісте жарақат алғандардың дені – ауыл, орман және балық шаруашылықтарында еңбек еткендер, олар 9 адамды құрайды.
Өндірістегі жарақаттанудың негізгі себептері – жұмыс орнында өрескел абайсыздық, жол қозғалысы ережелерін бұзу және жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру.
Жазатайым оқиғалар бойынша материалдық төлемдер 15,1 млн. теңгені құрады, оның 6,8 млн. теңгесі – біржолғы жәрдемақы.
2021 жылмен салыстырғанда өндірісте зардап шеккендердің жалпы саны 4,6%-ға төмендеді. Алайда қайтыс болғандар мен ауыр жарақат алғандардың саны артқан.