Алматыда аралас жекпе-жек түрлерінің бірі панкратионнан ел біріншілігі өтті. Республикалық жарыста солтүстікқазақстандық спортшы күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биыл панкратионнан өткен ел біріншілігінде «Сұңқар» клубының мүшесі Манарбек Шайхенов сәтті өнер көрсетіп, күміс медальді еншіледі. Жерлесіміз 100 келіден жоғары салмақта бақ сынап, тек финалда сүрінді. Солтүстікқазақстандықтың санатында 15 қарсылас болды.
– Манарбектің бұл жарыста бағы жанатынына сенімді болдым. Бұған дейін ол Уфада өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен еді. Алдағы уақытта дайындалып, халықаралық жарыстарда топ жару үшін барымызды саламыз, — дейді бапкері Нұрқанат Шаримов.
Панкратионнан ел біріншілігіне 300-ден астам спортшы қатысты.