Петропавлдағы «Qyzyljar» арт-орталығында ел көлемінде өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиада мен 9-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Республикалық білім бәйгелерінің жүлдегерлерімен облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков кездесіп, облыс намысын абыройлы қорғап келген оқушыларды жеңістерімен құттықтады.
– Білім – қоғам дамуының қозғаушы күші. Сіздер мектепте алып жүрген білімдеріңізді олимпиада мен ғылыми жобалар байқауында қорғадыңыздар. Оқудағы еңбектеріңізді ақтап, мұғалімдеріңіздің дәрежесін өсірдіңіздер. Бұл үшін алғысым шексіз. Алда талай сайыстарға қатысып, топ жаратындарыңызға сенемін, — деді Нәзір Жәшібеков.
Биылғы республикалық пәндік олимпиадада 20 солтүстікқазақстандық оқушы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Оның 1-уі алтын, 8-і күміс және 11-і қола медальдарды еншіледі. Ал ғылыми жобалар байқауында облыс командасының қоржынына 10 жүлде түсті. Өңірдегі мектеп тәрбиеленушілерінің 2-уі бірінші, 3-уі екінші және 5-уі үшінші орын иегері атанды.
Арт-орталықта өткен шара барысында облыстық білім басқармасы мамандары оқу жылын қорытындылап, түрлі деңгейдегі беделді сындарға қатысқан оқушыларға ақшалай сыйлықтар табыстады. Жеңімпаздарға 100 мың, екінші орын алғандарға 75 мың, үшінші орындарға қол жеткізгендерге 50 мың теңгелік сертификаттар берілді.