Облыста «Қауіпсіз дөңгелек» қозғалысы жас инспекторларының дәстүрлі жарысы өтті. Аудандар мен қала мектептерінен жасақталған командалар жол қозғалысы ережелері бойынша білімдерін саралады. Байқау Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Балалар саптық дайындықты, реттеушінің сигналдарын білу және велосипедті мәнерлеп жүргізу дағдыларын көрсетті. Жол қозғалысы инспекторлары жасақтарының басты міндеті – бастауыш сынып оқушыларына жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс негіздерін жеткізу.
Байқау қорытындысы бойынша Тимирязев ауданынан келген команда үздік деп танылды. Екінші орын Мағжан Жұмабаев ауданының жас инспекторларына бұйырса, үшінші орынды Петропавлдағы С.Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның жасағы иеленді.