Петропавлдағы демалыс саябағында аттракциондардың бірінің тежеуіші істен шығып, бірнеше бала жарақат алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Аттракциондар әлемі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі жағдай маусымның 1-і Халықаралық балаларды қорғау күнінде тіркелді. «Гусеница» деген атракционның тежеуіші істен шығып, әткеншек жылдамдықты бәсеңдете алмаған. Салдарынан бірнеше адам жарақаттанды.
Серіктестік әкімшілігінің сөзінше, барлық әткеншектер мен ойын машиналарының жазғы маусымға дайындығын Астанадан арнайы мамандар келіп тексеріп кеткен.
– Мерекеде «Гусеница» аттракционына келушілер қатары қалың болды. Жиі қолданылған әткеншектің тежеуіші кептеліп қалды. Салдарынан ол жылдамдығын түсірмей тоқтап, кабиналарға соғылған демалушылардың аяқ-қолдары көгерді. Ауыр жарақат алғандар жоқ. Олардың барлығына медициналық көмек көрсетіліп, үйге жіберілді, – деп түсіндірді «Аттракциондар әлемі» ЖШС-ның әкімшілігі.
Қазіргі уақытта бұл аттракционның жұмысы тоқтатылды. Енді ақау шыққан әткеншекті арнайы мамандар келіп тексереді.
Аттракционда болған 5 бала жарақаттанды. Барлығы дәрігер қарауынан үйге жіберілді. Олардың жасы 3 пен 12-нің аралығында.