Петропавлда 284 км жылу магистралі болса, соның шамамен 68% ескірген. Биыл 11,7 км ауыстырылмақ, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Петропавлдағы 19-шағынауданда орналасқан №5-ші жылу магистралінде бір айдан беру жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір учаскеге 35 жұмысшы және 12 техника жұмылдырылған. Жоспардан қалмау үшін мамандар таңғы сағат 8.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін жұмыс істеп жатыр. Жылу магистралі жылыту маусымына дейін пайдалануға берілуі керек.
— Бұл жоба екі жылға шақталған. Биыл құбырдың 1,2 км жаңартуымыз қажет. Құбыр пенополиуретандық оқшаулағышы бар, диаметрі – 630 мм. Қазір жұмыс екі учаскеде қызған. Бүгінде 300 метрі жөнге келтірілді. Жоспар бойынша биылғы жұмысты қыркүйек айының басында аяқтаймыз. Яғни тұрғындар уақытында жылу магистраліне қосылады. Қазіргі уақытта жөнделіп жатқан құбырдың диаметрі 350-400 мм, трассаның 500 метрі бұзып алынды. Кесте бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Бұл құбыр өте ескірген. Өткен жылыту маусымында ол бірнеше рет тесілді, сол себепті жаңасына ауыстырып жатырмыз, – дейді бас мердігер, «Петропавловскспецкоммунстрой» ЖШС басшысы Евгений Дзюбенко.
Петропавлда жылу желілерінің жалпы ұзындығы 284 км, оның 55 км қалалық әкімдіктің балансында. Жалпы биыл 11,7 км қалпына келтіру жоспарланған.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіровтың айтуынша, 2,9 км құбырдың диаметрі 200,300 және 400 мм, олар 600 мм құбырларға ауыстырылады. Бұл салынып жатқан жаңа нысандарды жылуға қосуға мүмкіндік береді.
— Бұдан бөлек осындай жұмыстар №15 жылу магистралінде де атқарылып жатыр. Ол жердегі құбырлардың диаметрі 800 мм болған еді. Енді ол 1000 мм құбырға ауыстырылады, — дейді Әділбек Әубәкіров.
Петропавлдағы жылу желілерін жөндеуге және қайта қалпына келтіруге биыл республикалық бюджеттен 4 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Бұл жұмыс келер жылы жалғасын табады.