Петропавл маңындағы жағайжайлардың суы мен құмы тексерілді. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары сынама алып, зерттеулер жүргізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, бактериологиялық талдаулар жүргізілді. Оның ішінде патогендік микрофлора, санитарлық-химиялық, паразитологиялық және радиологиялық көрсеткіштерге тексерілген төрт сынама алынды.
Топырақтың төрт сынамасы бактериологиялық көрсеткіштерге зерттелді. Нәтижесінде барлық тексерілген су мен құм қауіпсіздік талаптарына және нормативтік құжаттамаға сәйкес келді.
Петропавлда ресми түрде екі жағажайда шомылуға рұқсат етіледі. Олар — Есіл өзені мен Пестрой көлінде. Аймақта шомылу маусымы 1 маусымда басталды.