Бүгін өңір басшысы Айдарбек Сапаров СҚО-ның құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі, мағжантанушы, жазушы, қоғам қайраткері Жарасбай Қабдоллаұлы Сүлейменовті құрметті зейнет демалысына шығарып салды. Салтанатты шара облыстық әкімдікте өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жарасбай Қабдоллаұлы – журналистика саласының жаңа деңгейге көтерілуіне көп үлес қосқан азаматтардың бірі. Елімізге танымал журналист біраз жылдар бойы облысымыздағы қарашаңырақ- «Soltüstık Qazaqstan» газетін басқарды. Сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Қарымды қаламгердің қаламынан бірнеше әдеби туынды туды. Қоғам қайраткерінің бастамасымен «Qyzyljar nūry» газеті және «Mağjan» республикалық журналы жарық көрді.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Жарасбай Сүлейменовтің еңбегін жоғары бағалап, көпжылғы қызметіне алғысын білдірді.
– Жарасбай Қабдоллаұлы – елге танымал азаматтардың бірі. Баршамыз оны құрметті журналист, қоғам қайраткері ретінде білеміз. Сіз депутат болған кезде өңірдің талай өзекті мәселелерін көтердіңіз. Әдебиет саласына сіңірген еңбегіңіз орасан. Отбасыңызға амандық тілеймін, – деді облыс әкімі Айдарбек Сапаров.
Жиынға келген облыстың сыйлы азаматтары, ардагерлері де жылы лебіздерін айтып, естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ өңір басшысы Жарасбай Қабдоллаұлына Құрмет грамотасын табыстап, жазушы-журналисттің иығына шапан жапты.