Солтүстік Қазақстан облысында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері өңір тұрғындарынан «Мистер Сидр» сусыны сатылымда болса, хабарлауды сұрайды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 маусымдағы жағдай бойынша облыстың сауда кәсіпорындарында «АНДИ» РФ «Мистер Сидр» ЖШҚ өндірген өнім болған жоқ.
— Алкоголь өнімінің барлық импорттаушылары мен сатушылары адамдардың жаппай улануына себеп болған мән-жайлар мен себептер анықталғанға дейін жоғарыда аталған өнімді сатудан уақытша алып тастау туралы хабардар етілді. Облыс тұрғындарын осы өнім сатылған жағдайларды кездестіргенде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне немесе анықтау орны бойынша аумақтық басқармаларға хабарлауға шақырамыз, — деп атап өтті баспасөз қызметі.
Бұған дейін ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Мистер Сидр» алкогольсіз өнімі Қазақстан аумағына әкелінбегенін, есепке алу-бақылау маркасы берілмегенін хабарлады.