Айыртау ауданында жас өлкетанушылар слеті өтті. Шара «Чайка» балалар сауықтыру лагері базасында «Тарихқа тағзым – болашаққа бағдар» деген атаумен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысының «Тарихқа тағзым – болашаққа бағдар» атты жас өлкетанушыларының бірінші облыстық слетінде облысымыздың түкпір-түкпірінен келген белсенді, шығармашыл 8-10 сынып оқушыларынан құралған 14 команда қатысты.
Үш күн бойы қатысушылар туристік шеберлік бойынша жарысып қана қоймай, өңірдің тарихы, географиясы, табиғаты мен мәдениеті туралы көптеген жаңа және қызықты мәліметтерді білді, сондай-ақ кіші туған өлкесінің мәдени ерекшеліктері, көрікті және тарихи жерлері туралы білімдерін көрсетті.
Оқушылар үшін Никольское ауылына экскурсия ұйымдастырылып, олар осыдан 5,5 мың жыл бұрын әлемде алғаш рет жылқы қолға үйретілген Ботай қонысын тамашалады. Сондай-ақ олар Шоқан Уәлихановтың әжесі – Айғанымның Сырымбет ауылында орналасқан қонысында да болды. Мұндай шара «Білім беруді дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жол картасын» жүзеге асыру аясында жыл сайын өткізілетін болады.
Үздік нәтиже көрсеткен жас өлкетанушылар жиынының салтанатты жабылуында оларға кубоктар мен дипломдар табыс етілді. Қалған қатысушыларға сертификаттар берілді.