Петропавл қалалық сотында «Лесхоз» ауданында қайыңды орманды отау фактісіне қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Естеріңізге салайық, былтыр Петропавл қаласына кіреберісте орналасқан «Лесхоз» ауданы аумағында кәсіпкер қайыңды орманды отап, жұрт наразылығын тудырған еді.
Алдын ала есеп бойынша, мемлекетке 41 млн теңге шығын келтірілді. Тексере келе учаскенің 2006 жылы орман қорынан шығарылып, бір жыл өткесін кәсіпкер Бақтияр Абдуллаевқа қызмет көрсету нысанын салу үшін берілгендігі анықталды.
Солтүстік Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, СҚО Жер ресурстарын басқару департаменті Бақтияр және Фамил Абдуллаевтарды, «ASTEK-AUTO» ЖШС, Мұрат Иманбаевты, Серікқан Төлегеновты, Әділ Баграмовты, «Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімі» КММ-ді сотқа беріп, сату-сатып алу, сыйға тарту шарттарын, әкімдік қаулысын және жергілікті атқарушы органның бұйрығын жарамсыз деп тануды сұрады.
Талапкер – СҚО Жер ресурстарын басқару департаменті биыл 17 қаңтарда СҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасынан жергілікті атқарушы органның жер учаскелерін беру жөніндегі заңсыз шешімдерінің күшін жою мақсатында сотқа талап қою туралы хат келгенін атап өтті.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті «Петропавл қаласы әкімінің аппараты» КММ-ді тексерген. Ннәтижесінде Абдуллаевқа жер учаскесін беру кезінде ҚР Жер кодексінің 109-бабы 1-тармағының талаптары бұзылғанын анықтады. Берілген жер учаскесі үй құрылысы аймағында және республикалық автомобиль жолының бойында орналасқан. Осыған байланысты, ортақ пайдаланылатын жер болғандықтан, ол жерден учаскені беруге болмайды.
— Жер учаскесін беру кезінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленбегені және бекітілмегені, жер учаскесі Жер кодексінің 48-бабының талаптарын бұза отырып, аукционсыз берілгені анықталды. Жоспар бойынша бұл учаскеде үйлер қарастырылмаған, ол жерде орман шоқтары ғана көрсетілген. Жер учаскесі бірінші техникалық санаттағы жол бойындағы жолаққа жатады, — делінген баспасөз хабарламасында.
Сот жер учаскесі ағайынды Абдуллаевтарға заңнама талаптары бұзыла отырып берілді деген қорытындыға келді. Осыған байланысты сот СҚО Жер ресурстарын басқару департаментінің талап-арызын қанағаттандырды.