СҚО әкімі «CLAAS Group» компаниясының басшысымен кездесті

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров пен «CLAAS Group» неміс  компаниясының бас директоры Ян-Хендрик Мор кездесу өткізіп,  онда ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру кәсіпорнын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Өңір басшысы инвесторлар үшін барлық жағдай жасалғанын, жетістіктерге жетудің  ынталандыру тәжірибесі қалыптасқанын,  өндірісті оқшаулау жұмыстарын жалғастыру қажеттігін баса айтты.

Әлемдік брендке ие  компания бір ғасырдан аса уақыт бойы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді сапалы әрі заманауи техникалармен қамтамасыз етіп келеді. АҚШ, Венгрия, Германия, Қытай, Үндістан, тағы басқа  мемлекеттерден сұраныс көп. Алпауыт фирманың кешенді егіс комбайндары жерге дән сіңіріп, жайқалта астық өсіріп жүрген кәсіпкерлер арасында да жақсы танымал және  сұранысқа ие.

2021 жылдан бастап инновациялық өнімділігі жоғары техникалар солтүстікқазақстандық диқандар үшін де  қолжетімді бола бастады. «Qyzyljar»  арнайы  экономикалық аймағында зауыт  бой көтеріп,  озық жобаны іске асыруға 4 млрд. теңгеден астам қаржы бағытталды. Үш   жыл ішінде 54 млрд. теңгенің  700-ге жуық техникасы құрастырылды.

  – Петропавл қаласында орналасқан кәсіпорын өңірдің әрі қарай дамуына зор ықпал етті. Ірі өндіріс үшін жергілікті жерде барлық жағдай жасалған. Іскерлік қолдау одан әрі жалғасады, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Бүгінде  жергілікті науқандық жұмыстарға бір мыңнан астам комбайн қатысады. Немістің бұл техникасының алғашқы  легі 1992 жылы сатып алынды.  Бүгінде комбайндар 30 пайыздық жеңілдікпен ұсынылады.

«CLAAS Group» компаниясының бас директоры  Ян-Хендрик Мор өзара ынтымақтастық қарым-қатынасқа ризашылығын білдіре отыр, жобаны жүзеге асыруға көп уақыт пен күш-жігер жұмсалғанын жеткізді. Қажырлы еңбектің нәтижесінде  Қызылжар өңірінде  құрастырылатын техникалардың саны арта түскен. Бұл – қуантарлық жайт. Алдағы уақытта  барлық нұсқаларды салыстыра отырып, тиімді баға жөнінде шешім қабылданатын болады.

Кездесу соңында  неміс делегациясының басшысы  әріптестік байланысты одан әрі нығайту үшін облыс әкімін Германияда өтетін  ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысуға шақырды.

 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz