Ақжар ауданындағы Қулыкөл ауылында жаңа учаскелік полиция пункті пайдалануға берілді. Оның ерекшелігі – ғимараттың бір бөлігінде тәртіп сақшысына арналған үй-жай бар, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақжар ауданындағы Қулыкөл ауылы Петропавлдан 350 шақырым жерде орналасқан. Бұрын Қулыкөл мен Қарашілік ауылдарына басқа округтің учаскелік инспекторы қызмет көрсетті. Енді жаңа нысанның берілуімен мұнда жаңа учаскелік полиция инспекторы да тағайындалған.
Елдімекеннің өмірі мен тұрмысына бейжай қарамайтын ауылдықтар осы үйдің салынуына бастамашы болған. Олар үшін қызметтік үйдің ашылуы –көптен күткен жаңалық. Тәртіп сақшысы тұрғындардың арыз-шағымына жылдам ден қоя қойып, шаралар қабылдай алады. Осылайша, полиция қызметі халық үшін қолжетімді болмақ.
Жалпы аумағы 90 шаршы метрден асатын екі бөлмелі үй барлық коммуникациялармен жабдықталған. Нысан бюджеттік қаражатқа салынды. Жергілікті кәсіпкер Рүстем Мұхамедиев маңайын абаттандыруға көмектесті. Үйді салуға атсалысқаны үшін демеуші және ауданның басқа белсенді тұрғындары, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген полицейлер аудан орталығы Талшық ауылында марапатталды.
— Ауылды жерде жиі жасалатын қылмыс – мал ұрлығы. Шаруаның бағып отырған малы – ауыл тұрғындары үшін табыс пен күнкөріс көзі. 2019 жылы мал ұрлығы ауыр санаттағы қылмыс түріне жатқызылды және қылмыс түрі ретінде қаралатын болды. Нәтижесінде облыста мал ұрлығының саны төрт есеге төмендеді, — деді ауылдықтармен кездескен СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов.
Кейін СҚО ПД бастығы азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесті.
Қулыкөл ауылындағы полиция пункті – СҚО-да пайдалануға беріліп отырған осындай сегізінші нысан. Мұндай қызметтік үймен біріктірілген кеңселерді басқа аудандарда да салу жоспарланған.