Облыста ауланған қаңғыбас мысықтар мен иттерге екпе салынып, чиптер қойылады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бұл мақсатқа 57 млн. теңге бөлінген. Бүгінге дейін 130 қаңғыбас жануар зарарсыздандырылып, екпе егу жұмыстары жасалды.
– Іс жүзінде қаңғыбас жануарлар көп. Оларға арналған үш жеке баспана бар. Әр ауданда иттер мен мысықтарға арналған орындар ашу жоспарланған. Үй жануарларының иелерінің жеке жауапкершілігі маңызды екенін атап өтемін. Кімнің иті немесе мысығы көшеде қаңғып жүргенін білу үшін барлық жану-арларды чиптеу керек, — деді Айдарбек Сапаров.
Облыс әкімдігі аудандардағы жануарларды уақытша ұстау пункттері 1 қазанға дейін пайда болуы тиіс екенін нақтылады. Бұған қаражат бөлінеді.