№51 түзету мекемесінде жазасын өтеп жүргендер «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызындағы дәрігер мамандарға қаралды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Самұрық-Қазына» компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобасын дамытудың қаржылық қолдауымен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық комиссияның бастамасымен ел аумағында медициналық пойыздарды жөнелту жобасы іске асырылып келеді.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы «Саумалкөл» станциясына келіп жетті. Айыртау ауданының әкімі Ерболат Бекшенов өңір тұрғындарының денсаулығын тексеруге келген медицина қызметкерлерін қарсы алды. Салтанатты бөлімнен кейін дәрігерлер пациенттерді қабылдауға кірісті.
№ 51 мекеменің қызметкерлері аудан орталығының аумағында өткізілетін іс-шара шеңберінде сотталғандарға жоғары білікті медициналық көмек көрсету мүмкіндігіне ие болды. 5510 әскери бөлімнің әскери наряд күштерін тарта отырып, мекеменің жедел тобының құрамымен Саумалкөл станциясына айдауыл ұйымдастырылды.
Медициналық көмекке мұқтаж жазасын өтеушілер ауылдан тыс жерге шықпай-ақ мамандардың қабылдауынан, қосымша тексеруден және УДЗ-дан тегін өтуге мүмкіндік алды.