Петропавлда мердігер компаниялардың жауапсыздығынан құрылысы әлдеқашан аяқталған 16 көпқабатты үйді қолданысқа беру мерзімі ұзаққа созылып кетті. Салдарынан 1700-ден астам отбасы өздеріне тиесілі пәтерлеріне қоныстана алмай отыр. Арасында кезегін күткен 120 жетім бала да бар. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров журналистермен бірге құрылыс алаңдарын аралап, жұмысты уақытында атқармаған компаниялармен келісімшартты бұзу қажеттігін ескертті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Жас өркен» шағынауданы – қаланың ең қарқынды дамып келе жатқан бөлігі. Ескі үйлердің орнына заманауи тұрғын үй кешендері бой көтеріп, әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Дегенмен Порфирьев және Горький көшелеріндегі бірнеше көпқабатты үйге инженерлік-коммуникациялық желі тарту мен абаттандыру ісі әлі аяқталмаған. «Мөлдір» және «Энерджи-Тараз» компаниялары тендерді 2021 жылы жеңіп алған, алайда арада үш жыл өтсе де міндеттерін атқаруға асығатын түрі жоқ.
Облыс әкімі үйді салудан бастап, абаттандыруға дейінгі барлық жұмысқа бір компания ғана жауапты болғанда мұндай келеңсіздік орын алмайтынын айтып, болашақта осыны тендер талаптарына енгізу қажеттігін ескертті. Әйтпесе оны не техникасы, не жұмыс күші жоқ өзге өңірлердің компаниялары ұтып алып жатыр. Дәл осындай жағдайды «Береке» шағынауданындағы әрқайсысы жүз пәтерлік 6 арендалық-коммуналдық үйден де байқауға болады. Қалалық әкімдікте кезекте тұрған көпбалалы отбасылар, жетім балалар мемлекет берген пәтерлерге қоныстана алмай отыр. Себебі мұнда да коммуналдық желі тартылмаған, айналасы абаттандырылмаған. Мердігер – Алматы облысының компаниясы.
– Тендер талаптарын өзгертіп жатырмыз. Себебі жеңіп алған компания құрылыс материалдарының қымбаттағанын сылтауратып, уақытты созып жібереді. Кейін қосымша ақша сұрайды. Оларды ешкім мәжбүрлеп істетіп жатқан жоқ қой, алдын ала есептеулері керек еді. Ал жауапкершілікті мойындарына алған екен, міндеттерін орындаулары тиіс. Олай болмаған жағдайда сотқа беріп, келісімшартты бұзу қажет, – деді Айдарбек Сапаров.
Дегенмен келісімшартты сот арқылы бұзып, қайтадан тендер жариялап жүргенде алтын уақыт зая кетеді. Сондықтан өңір басшысы «Берекедегі» үйлерді салған «Оснавание» және «Альфа-Север» сияқты жергілікті компаниялардың басшыларынан абаттандыру жұмыстарына қолғабыс етуді сұрады.
Петропавлда екі бірдей емхана салынып жатқаны белгілі. Жоспар бойынша құрылысы өткен жылы аяқталуы тиіс болатын. Кейбір құрылыс материалдарының дер кезінде жеткізілмеуі салдарынан жұмыс созылып кетті. «Альфа-Север» ЖШС-ның басшысы Андрей Капустин «Жас өркендегі» емхана құрылысы тамызда аяқталатынын жеткізді. Қажетті құрал-жабдықтар түгел сатып алынған.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Қайролла Ғалеев кірпіш, қиыршық тас, темір-бетон бұйымдар, шатырға қажетті жабдықтар өзімізде шығарылатынын айтты. Жалпы құрылыс материалдарының 80 пайызы отандық өнімдер екен.
Облыс орталығының жолдарын жөндеуге биыл 6,2 млрд.теңге бағытталып отыр. Бұл қаржы шамамен 30 көшеге жөндеу жұмысын жүргізуге жетеді. 2018 жылдан бері шаһарда ешбір көше күрделі жөндеу көрмегенін ескерсек, жұмыс ауқыны қаншалықты ауқымды екенін аңғарасыз. Айдарбек Сейпілұлы тағы 15 көшені қалпына келтіру үшін қаржы қарастылып жатқанын жеткізді.
– Петропавл қаласында ұзынды-қысқалы 360 көше бар болса, соның жартысына ғана асфальт төселген. Оның өзінің қаншалықты тозғанын бәріңіз көріп отырсыздар. Сондықтан биыл көшелерді жөндеуге қомақты қаржы бөлінді. Горький көшесіндегі күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда, ал Жамбыл көшесінің ескі асфальты алынып, орнына жаңасы төселіп жатыр. Жол жөндеуге де салғырт қарайтындар бар. Мәселен, 314 атқыштар дивизиясы көшесін жөндеген компания жіберген кемшіліктерді қайта қалпына келтіреді, – деді өңір басшысы.
Қаладағы ең ұзын көше саналатын Жамбыл көшесіне асфальт төсеп жатқан «Гранит-Север» ЖШС-ның басшысы Залибек Мхаянның айтуынша, қыс айларында қажетті битумның қорын жасап қойған. Жанар-жағармай да жеткілікті. Алдағы 3-4 күнде жұмысты аяқтап, басқа көшелерді қалпына келтіруге кіріспек.
Жөндеу жұмыстары қаланың орталық бөлігінде ғана емес, шеткері жағында да қызу жүріп жатыр. Мәселен Жұмысшы кентінде төрт бірдей көшеге асфальт төселуде. Бұдан бөлек аталмыш шағынауданға апаратын тағы бір көпір салынбақ. Универсал көшесі арқылы темір жолды кесіп өтетін өткел негізгі көпірге түсетін салмақты едәуір азайтпақ. Жақында тендер жарияланып, бұл іске жауапты компания анықталмақ.
Петропавлда шамамен 18 мыңдай адам баспана салу үшін жер кезегінде тұр. Оларға Солнечный кентінің жанынан арнайы учаске бөлінген. Жол салынып, электр бағандары орнатылған. Енді подстанциялар қойылып, жарық беру және су тарту мәселесі шешілмек. Кейін мұндағы әрқайсысы 10 сотық болатын 3 мыңдай учаскеде құрылыс басталады. Өңір басшысы салынатын үйлердің стиліне назар аударып, көшенің сәнін бұзбайтындай етіп тұрғызу қажеттігін қадағалауды қала әкімі Серік Мұхамедиевке тапсырды. Бұдан бөлек Жұмысшы кентінің жанындағы алаңнан тағы бір мыңға жуық жер телімі тұрғындарға беріледі.