Солтүстікқазақстандық прокурорлар брифингте қоғамдық мүдделерді қорғаудағы атқарған жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар табиғи монополиялар саласында көптеген заң бұзушылықтар анықталғанын айтты.
«Севказэнерго» АҚ шаруашылық субъектілерінен жылу энергиясы үшін негізсіз қаражат өндіріп алған. Нысандары тұрғын үйлерде орналасқан бизнес өкілдерінен жеке ғимарат ретінде төлемақы алған. Табиғи монополияларды реттеу департаментіне ұсыныс енгізіліп, департамент сотқа талап арызбен жүгінді, арыз қанағаттандырылды. 100 млн. теңгеге жуық қаржыға 1250 кәсіпкердің құқығы қорғалды.
–Петропавл 2-ЖЭО қызметіне тексеру ұйымдастырылды. Табиғи монополиялар саласында көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Белгілі болғандай, «Севказэнерго» АҚ-ның 240 млн. теңге көлемінде салық төлемепті. Салық органдары қосымша бағалау жүргізді. Қадағалау актісі бойынша олар 119 млн. теңгеге әртүрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді облыс прокурорының орынбасары.
Сонымен қатар прокурорлар сатып алу туралы өтініштері негізсіз қабылданбаған 22 кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары шектелгенін анықтады.
— Құжаттар сәйкес келді, олардың қаражат алуға құқығы болды. Қадағалау актісі бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған субъектілерге 3 млрд. теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу мәселесін шешуде, –деді Әбу-Әли Саттар.
Прокуратураның араласуынан кейін екі кәсіпорын 195 жұмысшыға 28,9 миллион теңге көлемінде жалақы берешегін өтеген. Тағы тоғыз проблемалық компания бақылауда. Олар 39 қызметкерге 38 миллион теңге қарыз.