700 мың теңге жалақы кімге төленеді?

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі маусым айында еңбек нарығында қай мамандық өкілдеріне сұраныс көп болғанын және жұмыс берушілер кімге ең жоғары жалақы төлеуге дайын екенін айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше маусым айында Электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі – ЭЕБ) 89,9 мың бос жұмыс орны және 54,5 мың түйіндеме орналастырылды. Мамыр айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 5,3%-ға, түйіндеме 26,7%-ға қысқарды.

Жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің белсенділігінің төмендеуі барлық біліктілік топтарға қатысты байқалып, оның ішінде біліктілігі жоқ жұмыс күшіне де айтарлықтай әсер етті.

Мәселен, біліктілігі жоқ қызметкерлерге сұраныс маусым айында 26,5 мыңнан 23,9 мың бос орынға (10%-ға), ал ұсыныс 28 мыңнан 17 мыңға (39% — ға) дейін азайды. Біліктілігі орташа қызметкерлер тарапынан ұсыныс үштен бірге дейін төмендеп, айдың қорытындысы бойынша 14,7 мың түйіндемені құрады, ал біліктілігі жоғары ізденушілер арасындағы белсенділік 25,7 мыңнан 22,8 мың (11% — ға) түйіндемеге дейін қысқарды.

«Республика бойынша сұраныстың жалпы төмендеуі Түркістан (-3,4 мың бос жұмыс орны), Жамбыл (-1 мың бос жұмыс орны) және Атырау (-850 бос жұмыс орны) облыстарына айтарлықтай әсер етті. Бұл ретте, төмендеудің жалпы трендіне қарамастан, бірқатар өңірлер маусым айында кадрларға қажеттіліктің артқанын көрсетті: Жетісу (+1,1 мың бос орын), Алматы (+416) және Шығыс Қазақстан (+479) облыстары. Шығыста білікті кадрлар арасында тапшылық байқалды: байланыс орталықтарының мамандары (түйіндемеден 113 бірлікке артық бос жұмыс орындары), жөндеуші слесарлар (91 бірлікке) және электр-газ дәнекерлеушілер (80 бірлікке)», — дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде.

Екінші жағынан жұмыс іздеушілердің белсенділігінің айтарлықтай төмендеуі көптеген аймақтарда кадрлар тапшылығына әкелді. Мәселен, Қарағанды облысында бос жұмыс орындарының саны түйіндемелер санынан 6,4 мыңға, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында 3,9 мыңға асып түсті, осы үш басым өнеркәсіптік өңірде ең үлкен тапшылық орташа білікті кадрлар бойынша (2 мың түйіндеме кезінде 8,7 мың бос жұмыс орны) байқалды.

Маусым айында ЭЕБ-да біліктілігі жоқ қызметкерлерге тұрақты сұраныстан басқа, байланыс орталықтарының операторларына (1,9 мың бос орын), күзетшілерге (1,7 мың бос орын) және тәрбиешілерге (1,6 мың бос орын) жоғары қажеттілік байқалды. Сонымен қатар, бұл мамандықтар жұмыс іздеушілер арасында танымал емес. Байланыс орталықтарының операторларынан барлығы 17 түйіндеме, күзетшілерден – 588 түйіндеме, тәрбиешілерден – 770 түйіндеме орналастырылды.

Жас ерекшеліктері бойынша 26-30 жас аралығындағы ізденушілер белсенділік танытқан, олар түйіндемелердің жалпы санының 16%-ын (8,5 мың) орналастырған. Зейнеткерлік жасқа дейінгі ізденушілердің үлесі 7,7%-ды құрады (4,2 мың түйіндеме). Түйіндеменің ең азы 15-20 жас аралығындағы ізденушілерге тиесілі, түйіндеменің жалпы санының 7% (3,5 мың). Осылайша, жазғы маусымның басталуымен 20 жасқа дейінгі жастар Қарағанды (14%), Шығыс Қазақстан (11%) және Ақтөбе (10%) облыстарында ең көп жұмыс істеуге ниетті болды.

— Маусым айының қорытындысы бойынша жұмыс берушілер жабдықтарды сынау және режимдік реттеу бойынша басшыларға (орта есеппен 700 мың теңгеден бастап), it-дизайнерлерге (566 мың теңгеден бастап) және құрылыс-монтаждау жұмыстарының инспекторларына (550 мың теңгеден бастап) ең жоғары жалақы мөлшерін ұсынуға дайын болды. Сонымен қатар, ізденушілер арасында сауда саласындағы бөлім бастықтары (1,9 млн теңгеден бастап), кредиттік инспекторлар мен бас директорлар (1,4 млн теңгеден бастап) жоғары жалақы сұрады, — деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде.

Осылайша, маусым айында алдыңғы айлармен салыстырғанда, сұраныс пен ұсыныстың маусымдық ауытқуына байланысты іздеу және жалдау белсенділігі төмендей бастады. Оның ішінде еңбек нарығына әсер етуші фактор жазғы-далалық және жөндеу жұмыстары кезеңінде біліктілігі жоқ жұмыс күшіне жоғары сұраныс себебінен жұмысқа орналастыру процесін сәтті аяқтаған біліктілігі жоқ жұмысшылар тарапынан ұсыныстың төмендеуі болды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Аманжол Нұртазин, aman_nurtazin@mail.ru

Тілші:

Мадина Нуркина, +77057396494, Nurkinamad@mail.ru

SMM-менеджер:

Айжана Шайкенова,

+77782191267

nadyasaf070@gmail.com

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz