Жедел медициналық көмек орталығына жаңа ғимарат керек

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Солтүстік Қазақстан облысындағы жедел медициналық көмек көрсету орталығы орналасқан ғимарат 120 жылға жуық уақыт бұрын салынған. Өңір басшысы Айдарбек Сапаров талапқа сай ғимаратпен қамту мәселесі бойынша оңтайлы шешім қабылдайтынын айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Жедел жәрдем қызметі тәулігіне 500-ден астам қоңырау қабылдайды. Операторлар жедел әрекет етіп, шақыртудың ауырлығына қарай бригаданы жібереді.

«Биыл көптеген тәсілді күнделікті жұмысымызға енгіздік. Мысалы, тамыр табылмаған кезде, веноздық препараттарды сүйек ішіне енгіземіз. Біздің дәрігерлер мен фельдшерлер ғана СҚО-да осы тәсілді қолданады. Сондай-ақ, трахеяның интубациясын енгіздік. Бұл процедураны көпбейінді ауруханалардағы реаниматологтер мен біздің фельдшерлер ғана атқара алады. Қазір коникатомияны енгізіп жатырмыз», — дейді СҚО жедел медициналық көмек орталығы директорының міндетін атқарушы Юрий Белоног.

Орталық фельдшерлерге мұқтаж емес. Биыл 30 үміткер жұмысқа орналасуға өтініш берген, соның тек үздік деген үшеуі ғана қабылданды. Алайда мұнда 6 маман жетіспейді – кардиолог, педиатр және жедел жәрдем дәрігері.

Ал орталықтағы басты мәселе – талапқа сай келмейтін тар әрі ескі ғимарат. Арнайы көлікті қоятын да орын жоқ, мұндағы гаражға 12 машина ғана сыяды, қалған 10-ы қысы-жазы далада тұрады.

«Орталықтың ғимараты 1905 жылы салынған, қазіргі заман талабына сай емес. Жақын арада әртүрлі нұсқаны қарастырып, оңтайлы шешім қабылдаймыз. Орталық қызметкерлеріне бар жағдайды жасау керек, өйткені жедел жәрдемнің сапасы осыған тікелей байланысты», – деді орталықтың жұмысымен танысқан Айдарбек Сапаров.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz