Петропавлда жылу-электр орталығындағы құбырдың құлау фактісі бойынша сот процесі жалғасуда. Оқиға 2022 жылдың 20 наурызында орын алып, қызметкерлердің бірінің өмірін қиды, апатқа байланысты төтенше жағдай режімін енгізуге тура келген еді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Айыпталушылар қатарында ЖЭО-2-нің бұрынғы директоры Ержан Қоңырбаев, бас инженер Сергей Торохтий және қазандық цехының бастығы Сергей Марченко бар.
Кәсіпорында қазандық жабдығы бойынша оператор болып жұмыс істеген марқұм Наталья Чефонованың күйеуі сотталушыларға шағымданудан бас тартты. Олардың болған оқиғаға кінәсі жо деп санайтынын айтты.
Зардап шеккен тараптың барлық басқа өкілдері де осындай көзқараста. «Севказэнерго» АҚ заң басқармасының басшысы Наталья Жаманшалованың айтуынша, олар жабдықтың тозуынан болған апатқа тосқауыл қоя алмады.
«Кәсіпорын 2019 жылдың қараша айынан бастап әртүрлі мемлекеттік органдарға жүгініп, қазандықтарды жөндеуге тарифте қаражат аз екенін айтты. Бірақ мемлекеттік органдардың ешқайсысы елең етпеді. Барлығына тарифтерді ұстап тұру ғана маңызды болды», – деді ол.
«Севказэнерго» АҚ сотталушыларға ешқандай мүліктік талап қоймайтынын айтты, өйткені компания үшін де болған оқиғаға олар кінәлі емес екені анық.