Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер интернет алаяқтықтың шамамен 14 %-ға азайғанын айтты. Десек те биыл қылмыстың осы түріне қатысты 32 адам жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте полицейлер СҚО аумағында интернет-алаяқтықтың кең таралған схемалары туралы, қаскөйлердің құрбаны болмау үшін нені есте сақтау қажет, сондай-ақ халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін қандай іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айтты.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, СҚО-да 5 жыл бұрын 61 факті тіркелсе, былтыр интернет алаяқтықтың 781 дерегі анықталды. Биыл 400 факті есепке алынды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 13,8%-ға төмен.
«Алаяқтардан көбіне облыс орталығының тұрғындары зардап шегеді, биыл 312 факті тіркелді. Талдау көрсеткендей, 40 пен 60 жас аралығындағы адамдар олардың тұзағына түседі. Көбіне оларды банктің қызметкеріміз деп алдайды. Алаяқтықтан зардап шеккендердің негізгі үлесі тұрақты жұмыс істейтін адамдар», – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мадияр Харипов.
Биыл интернет алаяқтық жасағаны үшін 32 адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл былтырғыдан 10 адамға артық. Қылмыстың бұл түріне 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ауыр санаттағы құқық бұзушылықтар үшін 3 жылдан 7 жылға дейін жаза қарастырылған.