СҚО полицейлері тұрғындармен өтетін кездесулерде интернет-алаяқтардың қарияларға қолданатын айла-тәсілдері туралы айтып беруде, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтықтың 400 фактісі тіркелді. Полиция департаменті мамандары жүргізген талдау нәтижелері бойынша қаскөйлердің қармағына түскендер – 40 пен 60 жас аралығындағы азаматтар. Алаяқтардың айла-тәсілдерінің арасындағы кең таралған түрі – «банктен хабарласу» және интернет арқылы тауар алған кезде алдын ала төлем талап ету.
Бір-екі күн бұрын қаладағы «Instagram»-пабликтерде қала тұрғындарының біріне әлдебіреулердің ақшалай несие ресімдегені туралы ақпарат тарады. Петропавл қаласы ПБ Бірінші полиция бөлімінің қызметкерлері бұл фактіні ҚР ҚК-нің 190-бабы ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жасалған алаяқтық бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қажетті сұратуларды дайындап, жолдады, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полиция департаментінің қызметкерлері қаржылық операцияларға қатысты асығыс шешім қабылдамауға, әңгімені бірден тоқтатып, өз банкіңіздің Call-орталығына және полицияның «102” нөміріне хабарласу қажеттігін ескертеді.