Петропавлдағы № 2 жылу-электр орталығында салынып жатқан түтін мұржасы осьтен ауытқып кетті. Салдарынан құрылыс жұмыстары тоқтатылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қалада жаңадан салынып жатқан түтін мұржасы «Пиза мұнарасына» ұқсайды деген қауесет расталды. «Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметі құрылыстың тоқтатылғанын хабарлады.
— Тамыздың 8-і күні «Севказэнерго» АҚ-ның жаңа түтін мұржасын салу барысында орындалатын құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын қадағалауды қамтамасыз ететін жауапты қызметкерлер құбыр осінің ауытқуын анықтады. Мердігер ұйым «Қазтеплоспецстрой» ЖШС болып табылады. Құбырды салу жұмыстары дереу тоқтатылды. Тексеріс нәтижесінде құбыр оқпанының құрылысы жүргізіліп жатқан конустық жылжымалы қалыпта осьтен кейінгі ауытқуға әсер еткен ақау табылғаны анықталды, — деп түсіндірді баспасөз қызметі.