Петропавл полицейлері зейнеткерден 5,7 млн. теңге алып кеткен дропперді ұстады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавл қаласы полиция басқармасының екінші полиция бөліміне облыс орталығының 71 жастағы тұрғыны жүгініп, оның үйінде белгісіз қылмыскер ірі сомадағы ақшаны иемденіп алғаны туралы хабарлаған. Келтірілген шығын 5,7 млн. теңгеден асты.
Криминалдық полиция қызметкерлері аталған қылмысқа бар болуы мүмкін 16 жастағы колледж студентін ұстады. Ол алған ақшаны ешқайда жұмсап үлгермеген. Анықталғандай, бұл күні зейнеткердің үй телефонына әлдебіреу қоңырау шалған. Оның туыстарының бірі жол-көлік оқиғасына ұшырап, адамдар зардап шеккенін айтқан. Іс қозғамас үшін ірі көлемдегі ақша талап етіпті. 71 жастағы зейнеткер абдырап қалып, қолында 13 мың АҚШ доллары бар екенін айтқан. Көп ұзамай ақшаны алып кетуге қылмысты ұйымдастыруға қатысы жоқ, тек алаяқтардың айтқанын орындауға келген дроппер барған. Оны жедел уәкілдер анықтап ұстады. Осы дерек ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу жүрігізіліп жатыр.
– Полицияға уақытылы хабарласу қылмысты “ізін суытпай” ашуға көмектеседі. Полиция қызметкерлері байланыссыз алаяқтықтың алдын алу бойынша іс-шараларды үнемі жүргізіп тұрады. Бірақ осындай фактілер аға буынның арасында болады. Мұндай жағдайларда азаматтарды сабыр сақтап, қаржылық операциялар жасаған кезде асығыс шешім қабылдамауға шақырамыз. Егер осы сияқты фактілер болса, бірден полицияға хабарлау керек, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Еңбек Сембин.