Облыстық кәсіпкерлер палатасында «Мен кәсіпкермін» жобасы аясында 25 балық өсіруші біліктілігін арттыру курсынан өтіп, сертификаттарын алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Бұл курс жобаның «Кәсіпке бағыт» деп аталатын бірінші бөлімі бойынша жүзеге асырылды. Теориялық және тәжірибелік сабақтарды бірдей қамтыған бес күндік оқыту «Петрофорель» балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығында ұйымдастырылды. Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге бизнес ашу және оны қолдау тетіктері, өңіріміздегі су айдындарында балықтарды өсірудің тиімділігі тақырыбында пайдалы ақпараттар берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, кәсіптің бұл түрін жаңадан бастағандар тарапынан қызығушылық жоғары болған.
— Біздің өңірде екі мыңнан астам көлде су жәндіктері бар. Су айдыңдарын табыс көзіне айналдырып отырғандардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Білген адамға балық та табыс көзі. Сіздерге бұл саланың қыр-сырын меңгеру аздық етеді. Балық өсірумен айналысып, мол табысқа кенеліп отырған бизнес өкілдерінің тәжірибесінен үлгі алып, оны қолдану маңызды, — деді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Марат Ысқақов.