СҚО полицейлері ауыл тұрғындарынан тіркелмеген қару тәркіледі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Қыркүйектің 5-нен бастап облыс полицейлері “Қару” жедел алдын алу іс-шарасын өткізуде. Акция аясында тексерулермен тіркелген қарудың барлық иелері қамтылды, сондай-ақ заңсыз сақтау фактілерін анықтау бойынша күшейтілген жұмыс жүргізілуде.
Аққайың ауданында тіркелмеген «ИЖ-34» аңшылық мылтығы жергілікті шопанның тұрғын вагонынан тәркіленді. Сондай-ақ Мағжан Жұмабаев ауданы тұрғынының үйінен мылтық табылды, ал Шал ақын ауданының ауыл тұрғынының баспанасынан мылтық алынды.
Заң бұзушылардың сөзінше, олар қаруды орманда немесе су қоймасының жағасынан тапқан. Мағжан Жұмабаев ауданының тағы бір тұрғынының айтуынша, «МЦ 21-12» бесатысты қаруы атасынан мұра болып қалған. Тәртіп сақшылары оны «Нива» көлігін тексеру үшін тоқтатқан кезде тәркіледі — мылтық көліктің салонында жатқан.
– Естеріңізге сала кетейік, қарудың иесі қайтыс болған жағдайда оның туыстары қаруды өзіне қайта тіркеуі немесе комиссиялық сатуға шығаруы керек. Тіркелмеген қару – қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Оны сақтау үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен тек ерікті түрде беру ғана құтқарады. ЖПІШ бірінші күнінде облыста барлығы 4 бірлік тіркелмеген қару мен 9 патрон тәркіленді, тіркелген қаруды сақтау және қайта тіркеу қағидаларының 5 бұзушылығы анықталды. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.