Облыста 4216 үй жануарына чип салынса, оның 2467-сі – ит, 1749-ы – мысық, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына сәйкес, биыл 1 қыркүйектен бастап қазақстандықтарға төртаяқтыларын чиптеу міндеті қойылды.
Бүгінгі таңда облыс тұрғындары ит-мысықтарын өңірдің 14 ветеринарлық стансасында және 7 жеке меншік клиникада чиптей алады. СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, бұл қызмет түрі ақылы болып есептелінеді. Дегенмен әлеуметтік осал топтарға жатқызылған азаматтар жануарларына чипті тегін салдырта алады. Осы мақсатқа облыс бюджетінен қаражат та қарастырылған.
Қаңғыбас ит пен мысықтарға да чип салынады. Қазіргі уақытта ауланған 159-на арнайы электрондық құрылғы қойылды. 149 жануар қайта тіршілік еткен ортаға жіберілді, қалғаны арнайы тәлімбақтарға жеткізілді.
Жалпы облыс бюджетінен ит пен мысықтарды аулап зарарсыздандыруға, екпе салдыртуға және чиптеуге 53,4 млн. теңге бөлінді.