Жыл басынан бері Петропавлда интернет-алаяқтықтың 353 дерегі тіркелді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Интернет-алаяқтықты алдын алу мақсатында Петропавл қаласы полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әлібек Ғабдуллиннің бастамасымен тәртіп сақшылары кезекті рет кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын өткізді. Учаскелік полиция инспекторлары мен криминалдық полиция қызметкерлері сауда орындарында, көшелерде интернеттегі айлакерлердің кең таралған схемалары туралы айтты.
Соңғы кездері қашықтықтан отырып басқаруға болатын қосымшаларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстар саны артты. Қаскөйлер өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, адамдардың шоттарына әлдебіреулер шабуыл жасағалы жатқанын айтып сендіреді. Бұдан қорғану үшін телефонға “AnyDesk”, “RustDesk”, “TeamViewer” немесе басқаша аталатын қосымшаларды орнату қажет екенін айтады.
– Әлдебіреулердің қысым көрсетуімен несиелер ресімдеу, қауіпсіз шоттарға ақша аудару сияқты ешқандай қаржылық операциялар жасамаған жөн. Жеке басыңызға қатысты ақпаратты: парольдерді, SMS арқылы келетін кодтарды ешкімге айтпаған жөн. Қылмыскерлер қарт адамдарға полиция қызметкерлерінің атынан хабарласып, жақындары мен туыстары жол-көлік оқиғасына кінәлі екенін айтады. Жауапкершілікке тартпау үшін ірі көлемдегі ақша талап етуі мүмкін. Бұндай жағдайда бірден тұтқаны қоя салған жөн. Полицияға хабарласып жол-көлік оқиғасының болған-болмағанына көз жеткізу қажет. Шынайы ақпаратты тек ресми тұлғалардан, ұйымдардан сұрап-білуді әдетке айналдырыңыздар, – дейді Әлібек Ғабдуллин.