Петропавлда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында төрт жаңа мектеп бой көтереді. Олар: «Копай» шағынауданындағы 1200, «Жас өркен» шағынауданыныдағы 900, «Орман» және «Береке» шағынаудандарындағы әрқайсысы 600 орындық білім ордалары, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Үстіміздегі жылдың тамыз айында екі конкурс аяқталып, олардың жеңімпаздары анықталды. «Орман» шағындауданында бой көтеретін 600 оқушыға арналған білім ордасының құрылысын Астана қаласында орналасқан «ASTI» ЖШС-ы жүргізбек, оған 3,8 млрд. теңге бөлінген. Дәл осындай 3,8 млрд. теңге қаржыға жергілікті құрылыс компаниясы – «Единство» ЖШС-ы «Береке» шағынауданында 600 орындық мектепті салатын болады. Қалған екі мектеп бойынша конкурстар әлі өткізілген жоқ.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының отандық экономикаға тигізер әсері де айтарлықтай жоғары болмақ. Өйткені мектепке қажетті жиһаздардың 95 пайызын отандық өндірушілер дайындайды. Құрал-жабдықтардың 60 пайызы өзіміздің ішкі нарықтан алынады. Сондай-ақ құрылыс материалдарының 65 пайызы отандық өнімнен тұрады. Демек елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ұлттық жобаның алар орны айрықша болмақ.
— «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы әр облыста жиһаз өнімдерін, құрылыс материалдары мен құрал-жабдықтарды өндіретін тауар жеткізушілердің ұсынылатын тізілімін қалыптастырды. «Жайлы мектеп» жобасына жергілікті жерлердегі отандық тауар өндірушілер барынша тартылатын болады,- дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Марат Ысқақаов.
Марат Жақсылықұлының айтуынша, облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында 2023 жылдың наурыз, сәуір айларында жиһаз, құрылыс материалдары мен құрал-жабдықтарды өндірушілер, құрылыс компанииялары, жобалау ұйымдары, авторлық және техникалық қадағалау орындары өкілдерінің «Самрұқ Қазына Констракшн» акционерлік қоғамының қызметкерелерімен кездесулері ұйымдастырылған. Бұл кездесулер барысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының мән-мағынасы мен шарттары талқыланған.