Петропавл мен Жұмысшы кентін қосатын автомобиль көпіріне қайта жөндеу қажет. Екі жыл бұрын орташа жөндеуден өткен нысанда қайтадан жарықтар пайда болып, асфальті ойылып қалған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Жұмысшы кентіне баратын өтпежолдың салынғанына 62 жыл, 125 метрге созылып жатыр.
2014 жылы нысанда жаңғырту жұмысы жүргізілді.
Екі жыл бұрын қайтадан орташа жөндеуден өтті. Жұмыс барысында асфальт төсемесі ауыстырылып, құрылыстың жалғанған жерлері жез компенсатормен бекітілді.
Енді міне кентті Петропавлмен қосатын автомобиль көпірі қайтадан ойдым-ойдым болып, көліктердің өтуін қиындатып отыр.
Құрылыстың қосылған жерлері ашылып кетіп, асфальт тесіліп қалған.
— Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі жолөтпесін техникалық тексерістен өткізетін компанияны анықтау үшін мемлекеттік сатып алуға конкурс жариялайды. Мамандар оның параметрлерін, бүлінген жерлерін анықтайды. Зерттеу қорытындысы бойынша жолөтпесін жөндеуден өткізуге қатысты шешім қабылданады. Ал әзірге кепілдік міндеттемесі аясында мердігер компания учаскеге жөндеу жүргізеді, — дейді бөлімнің баспасөз хатшысы Жанель Батанова.
Қазіргі уақытта Универсальная көшесі бойында «Ресей темір жолы» ААҚ теміржолдарының үстінен жол өткелін салу жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу шарты жасалды.
— Мердігер компания жұмысқа кірісті. Жаңа автожол өткелінің құрылысы Караванная көшесіндегі жолөтпесіне түскен салмақты және көлік ағынын азайтады. Жоба аясында Универсальная және О. Кошевой көшелері жөнделіп, осы аудан абаттандырылады», — дейді Жанель Батанова.
Естеріңізге сала кетейік, 2021-ші жылы бұл нысанды жөнге келтіруге 21 млн. теңге жұмсалған еді.