Жыл басынан бері облыста сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұрғындарға 800 мың теңге берілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындарға ақшалай сыйақы кінәлі адамға қатысты айыптау үкімі немесе әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін ғана беріледі.
Естеріңізге салсақ, сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеудің жаңа қағидалары бекітілген болатын. Оған сәйкес, егер пара сомасы немесе залал 1 000 АЕК – тен (шамамен 3,5 млн теңге) аспаса, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша сыйақы 30 АЕК (103 500 теңге), ауырлығы аз сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК (138 000 теңге), ауырлығы орташа – 50 АЕК (172 500 теңге), ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы – 70 АЕК (241 500 теңге) және аса ауыр қылмыстар туралы – 100 АЕК (345 000 теңге) көлемінде төленеді.