Петропавлда шорт-тректен жасөспірімдер арасында ел біріншілігі өтіп жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Шорт-тректен ел чемпионаты алғаш рет Қызылжар төрінде өткізіліп отыр. Мұз айдынында Қазақстанның 8 өңірінен 120 жас спортшы шеберлік байқасады.
— Облыстағы шорт-трек үйірмесі 2018 жылы ашылды. Осы уақыттан бері жастар арасында бұл спортқа қызығушылық артып келеді. Бүгіндері 10 солтүстікқазақстандық спортшы спорт шеберлігіне үміткер санатындағылар қатарына енді. Енді жарыста теріскейліктер жақсы өнер көрсететініне сенім мол. Еліміздің үздіктері жиналған додада жеңіске лайықтысы жетеді деп ойлаймын, — дейді жарыстың төрешісі Федор Андреев.
Жарыс төрт күнге шақталған. Спортшылар қысқа қашықтыққа жүгіріп, өз жастарында мықтыны анықтайды.