Петропавлда «Біз таза ел үшін» экологиялық қозғалыстың өкілдері барша қала тұрғындарын сенбілікке қатысуға шақырып жатыр. Қоғамдық ұйымның мүшелері тазалық акциясын қыркүйектің 16-сы күні өткізуді жоспарлауда, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Белсенділер сенбілікті «Жасыл қалқан» ұйымымен бірлесіп, «World Cleanup day 2023» дүниежүзілік акциясы шеңберінде өткізбекші.
Акцияның басты мақсаты – ел көлемінде қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, Қазақстан халқын біріктіру.
— Кәсіпкерлерді, барлық сала мамандары мен жеке меншік нысандардың иелерін тазалық акциясынан шет қалмауға шақырамыз. Қала – ортақ үйіміз. Бір ел болып жұмылып, қаламызды қоқыстан тазартайық! — деп экологиялық еріктілер өз шақыртуларын әлеуметтік желіде таратып жатыр.