И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхана жанынан құрылған «Sana» әдеби-музыкалық клубының мүшелері медицина ғылымдарының докторы, профессор Жанбатыр Сартаевпен кездесті. Бұл шара жастарды еңбекке баулу, белгілі адамдардың өмірімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Мейман сөзінің басын адал еңбек етудің маңызынан бастады. Оның айтуынша, адам өз өмірінің сәулетшісі. Ғұмыр жолының қалай өрілетіні жастық шақта атқарған жұмысына, мінез-құлқына тікелей байланысты. «Қазақтың әр баласы мақсаты мен арманын ұлтқа қызмет ету аясына топтастыруы керек. Елге титтей болсын жақсылығым тисін деген адам, Абай атамыз айтқандай, пайданы емес арды ойлайды. Мен Әскери академияда оқытушымын. Курсанттарға елжанды, отаншыл болудың артықшылығын айтудан іркілген емеспін», — деді Жанбатыр Нұртайұлы.
Жанбатыр Сартаевтың Қызылжар топырағынан шыққан батырлар туралы жазған бірнеше зерттеу еңбегі бар. Іс-шара барысында жиналғандар назарына «Батырлар рухы өшпейді» фильмі көрсетілді.
Кітапхана директоры Гүлнәзия Бикенова шара қонағына ұзақ өмір, шығармашылық табыстар тілеп, кітап сыйлады.