Петропавлда жылыту маусымы ресми басталғанға дейін білім беру және денсаулық сақтау мекемелері басшыларының өтініштері бойынша бірқатар нысанға жылу берілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда облыс орталығында орналасқан 32 балабақшаға, 10 мектепке және 4 ауруханаға жылу берілді. Сондай-ақ 76 жеке тұрғын үй жылыту жүйесіне қосылды.
– Алдын ала дайындық паспорттарын алған нысандар жылыту маусымына дейін жылумен жабдықтау жүйесіне қосыла алады. Ол үшін тұтынушыларға қызмет көрсету орталығына тиісті өтініш беру немесе «Севказэнерго» АҚ сайтында «Петропавл жылу желілері» ЖШС электрондық кеңсесі арқылы жүгіну қажет. Өзіңізбен бірге күзгі-қысқы кезеңде объектінің жұмысына дайындық актісі (паспорты) болуы міндетті, — деп толықтырды баспасөз қызметі.
Өткен жылы жылыту маусымы ресми түрде қыркүйектің 24-і күні басталды. Алдымен әлеуметтік маңызы бар нысандарға, кейін көпқабатты тұрғын үйлерге жылу берілді.